ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: БҚО-да 2036,3 тонна ет және ет өнімдері эскпортқа шығарылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы саласы да 2015 жылды жақсы табыстармен қорытындылап отыр. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбековпен тілдескен еді.

 

Оның айтуынша, биылғы он бір айдың өзінде өңірде 85006,3 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілді. Соның ішінде 33600,3 млн. теңгесі өсімдік, 51046,6 млн. теңгесі мал шаруашылығы, 359,3 млн. теңгесі қызмет көрсету үлесіне тиеді. Өнім көлемі 95,3 пайызды құрағанымен, бұл биыл жаздағы қуаңшылыққа байланысты егін шаруашылығындағы түсімнің кемуіне қатысты болып отыр, яғни өсімдік шаруашылығында бұл көрсеткіш 85,3 пайыз болса, мал шаруашылығында – 103,1, қызмет көрсетуде – 100 пайыз. Биыл 144,3 мың га егіс алқабынан 95,4 мың тонна астық жиналды, бұл 2014 жылғыдан (223,8 мың тонна) 2,3 есе кем. Есесіне басқа дақылдардан алынған өнім көлемі артып отыр. Мысалы, майлы дақылдан 11,7 мың тонна (өсім – 3,5 пайыз), 5028 га алқаптан 69,1 мың тонна картоп (өсім – 7,1), 4302 га алқаптан 61,3 мың тонна көкөніс (өсім – 6,8), 1889 га алқаптан 27,5 мың тонна бау-бақша өнімдері (өсім – 7,8 пайыз) жиналды.

Ауыл шаруашылығындағы аса маңызды саланың бірі мал шаруашылығы екені белгілі. Биыл өткен жылдан қалғанын қоса есептегенде, мал қыстағына қажетті 1209 мың тоннаның орнына 1301,3 мың тонна пішен (107,6 пайыз) дайындалды. Бұл төрт түлік малды қыстан аман алып шығуға мүмкіндік береді. Жалпы, өңірдің табиғи-климаттық жағдайы ірі қара, қой, жылқы және түйені өсіруге қолайлы. Соңғы жылдары мал басы тұрақты түрде артып келеді. Мысалы, биылғы 1 желтоқсанда 484,8 мың бас ірі қара, соның ішінде 216,7 мың бас сиыр, 1036,0 мың бас қой, 213,6 мың бас ешкі, 132,7 мың бас жылқы, 26,7 мың бас шошқа санаққа іліккен. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, алынған бұзау 8,9, қозы 11,1, лақ 12,7, құлын 18,3 пайызға көбейді. Жыл басынан бері тірілей салмақта 65,5 мың тонна ет, 213,0 мың тонна сиыр сүті, 137,7 млн. дана тауық жұмыртқасы өндірілді.

 

Биылғы 30 желтоқсандағы мәлімет бойынша 2036,3 тонна ет және ет өнімдері экспортқа жөнелтіліп, бұл өткен жылғыдан 2,3 пайызға артып отыр. Бұл өнімдер негізінен Ресей мен басқа да елдерге шығарылуда. Бұған Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекеттік бағдарламалардың ойдағыдай жүзеге асырылуы игі әсерін тигізуде. Айталық, «Сыбаға» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған 2011 жылдан бері өңірдегі 463 шаруашылық 4814,8 млн. теңге несие алып, жоспарланған 18700 бастың орнына 24690 бас аналық мал, 1037 асыл тұқымды бұқашық сатып алды. Бұл жөнінен облыс республика бойынша алдыңғы қатарда. Биылдың өзінде аталмыш бағдарлама аясында 83 шаруашылық 990,4 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, сәйкесінше 4700 және 157 бастың орнына 5019 аналық мал, 228 асыл тұқымды бұқаны өрістеріне қосты. «Алтын асық» бағдарламасы басталғаннан бері 62 фермер 464,6 млн. теңге несиеге 17541 саулық қойды сатып алды. Биыл 32 шаруашылық 11 мың бастың орнына 331,0 млн. теңгеге 12081 бас саулық қойды иеленіп, жоспар 109,8 пайызға орындалды. «Құлан» бағдарламасы басталғаннан бергі мезгілде 102 шаруашылық 1290,3 млн. теңгеге 4023 бас биені үйірге қосты. 2015 жылы 60 шаруашылық 2500 бастың орнына 944,5 млн. теңгеге 2910 бие (116,4 пайыз) сатып алып, Қамбар ата түлігін көбейтуде.

 

– Марат Кенжетайұлы, Елбасы Жолдауына сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны мәлім. Осыған байланысты Ұлттық қордан бөлінген қаржы қалай игерілуде, соған тоқтала кетсеңіз?

 

-Әрине, бұл мәселе үнемі назарда. 2015 жылы мал шаруашылығын дамытуға бюджеттен 2243,3 млн. теңге, сонымен қатар Ұлттық қор есебінен 2450,0 млн. теңге берілді. Барлық бөлінген 4693,2 млн. теңгені игеру жұмыстары атқарылуда. Соның ішінде Ұлттық қор қаржысы толықтай игерілді. Қазіргі кезде елімізде төрт түлік малды өсіріп, одан мол пайда табуға барлық жағдай жасалып отыр.

 

– Елбасымыз мал тұқымын асылдандырмайынша, одан сапалы да өтімді өнім алуға қол жетпейтінін үнемі айтып келеді. Осы бағытта не істелуде?

 

– Батыс Қазақстан әуелден қазақтың ақбас сиыры, көшім жылқысы және еділбай тұқымды қойдың отаны саналады. Өңірде 20 асыл тұқымды шаруашылық тіркеліп, өз жұмыстарын қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жүргізуде. «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында алыс-жақын шетелдерден асыл тұқымды мал әкелініп, сапалы түлік саны артуда. Сонымен қатар мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары аясында ірі қара мен қой шаруашылықтарында асылдандыру жұмыстарын субсидиялау да оң нәтиже беруде.

 

Қазіргі таңда 5 шаруашылық асыл тұқымды қой, 14 шаруашылық жылқы және бір шаруашылық түйе өсірумен айналысады. 2011 жылдан бері облысқа 3201 бас асыл тұқымды шетелдік ірі қара төлі кіргізілсе, соның 804 басы биыл Ресей Федерациясынан жеткізілді.

 

Бұған қоса өңірде тауарлы табынның тұқымды құрамын жақсарту бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде ірі қара малын тұқымдық түрлендіру жөнінен Батыс Қазақстан елімізде алдыңғы лекте келеді. Биыл 115 мыңнан астам аналық ірі қара тұқымдық түрлендіруге қатыстырылған болса, алдағы жылы 130 мың басқа жеткізу көзделуде.

 

– Жаңа жыл есік қағып тұр. Оның басты межелері биылғыдан да жоғары болу үшін қандай шаралар қолға алынбақ?

 

– ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігі арасындағы 2012-2016 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы дақылдары егістік алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі меморандумға сәйкес 2016 жылы жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 596 мың гектарға жетпек, бұл биылғыдан 111,3 мың гектарға жоғары. Соның ішінде дәнді дақылдар алқабы 320 мың гектар көлемінде болмақ (2015 жылы – 258,4 мың гектар). Күні бүгін соған қажетті тұқым дайындау жұмыстары жүргізілуде. Майлы дақылдар 50 мың гектарға (соның ішінде күнбағыс – 39 мың га) егілмек.

 

Мал шаруашылығының, еттің экспорттық әлеуетін арттыру басым бағытқа айналғаннан бері өңірде түлік саны артқандықтан, соған сәйкес құнарлы азық дайындау қажеттілігі де туындайтыны белгілі. Сондықтан жыл сайын мал азықтық дақылдар алқабы ұлғайып, 2016 жылы ол 214 мың гектарға жеткізілмек.

 

Картоп, көкөніс және бау-бақша дақылдары алқабы 12 мың гектар (картоп – 5,3 мың га, көкөніс – 4,6 мың га, бау-бақша – 2,1 мың га) шамасында болмақ.
«Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы аясында өңірде 11840 басқа арналған 5 мал бордақылау алаңы жұмыс жасауда. Бұған қосымша 800 басқа арналған тағы екі алаң 2016 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылмақшы. Сондай-ақ алдағы жылы «Алтын асық» бағдарламасына сәйкес 35 мың бас саулық қой, «Құлан» бағдарламасы аясында 4 мың бас бие сатып алу жоспарлануда.

 

Тағы бір ерекшелік, 2015 жылғы 29 қазандағы №372-V «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» ҚР Заңына сәйкес 2016 жылдан бастап жаңа бағыттар бойынша жұмыстанатын боламыз. Яғни ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен түсіндіру ісі жүргізіледі. Қорыта айтқанда, мұның бәрі жауапкершілік жүгі жеңіл еместігін көрсетеді.

 

Автор: Елжан Ералы

 

Ақпаратқа сілтеме: http://inform.kz/kaz/article/2855768


Жарияланды: 02.02.201806:51

Автор: