Тері-терсек өңдейтін зауыт салынуда

Зашаған кентінде испандық инвестордың инвестиция салуымен тері өңдейтін зауыт ашылады. Бұл туралы «Қазақстан – Орал» телеарнасында өткен брифингте мәлім болды.

 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбековтің айтуынша, өткен жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы саласында  92 млрд. 100 млн. теңге шамасында өнім өндіріліп, қызмет көрсетілген. Өсімдік шаруашылығы саласындағы бағдарламалар шеңберінде облысқа 755 млн. теңге демеуқаржы түрінде бөлініп, тауар өндірушілермен игерілді.

 

– «Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша облысқа бөлінген 2 млрд. 400 млн. теңге жергілікті тауар өндірушілердің қолына тиді. Мал шаруашылығы саласын дамытуға 4 млрд. 700 млн. теңге бөлініп,  малды асылдандыруға, төлді сақтауға, ет, сүт өндіруге, жемшөппен қамту жұмыстарына жұмсалған. Аудандарда  малды асылдандыру бағытында 77 ауылдық тұтыну кооперативі құрылған. Бұл мақсаттарға 186 млн. теңге бөлініп, кооператив құрамындағы қосалқы шаруашылықтарға берілді.  Осы бағыттағы жұмыстар бойынша еліміздің өңірлері арасынан алдыңғы қатардамыз, – деді Марат Кенжетайұлы. Оның айтуынша, «ҚазАгро» холдингі арқылы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары өңіріміздің шаруалары тарапынан қолдау табуда. 2011-2015 жылдар аралығында 484 шаруашылық  5 млрд. теңгеден астам қаржыға 25824 бас мал сатып алған. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғаспақ. 2015 жылы 2036,3 тонна ет және ет өнімдері экспортталды, соның ішінде 1029,9 тоннасы сиыр еті, 1006,4 тоннасы ет өнімдері. Биылғы жылдың екі айы ішінде 236 тонна ет экспортқа шығарылды.

 

2016 жылы өңірде «100 қадам» Ұлт жоспары бойынша 600 бастан астам сүтті бағыттағы мал әкелінбек. «Ырыс» бағдарламасымен 360 млн. теңге қаржы бөлініп, аудандардың және Орал қаласының қатысуымен сүт белдеуін құру жұмыстары басталды.

 

– Зашаған кентінде испаниялық  инвестор және жергілікті кәсіпкер Р. Ирменовтің қатысымен ұсақ және ірі қараның тері-терсегін өңдейтін зауыт салынады.
Жобаның құны – 5 млн. 300 мың еуро. Қазан айында құрылыс жұмыстары аяқталады, қазір іргетасы қалануда, – деді Марат Оңғарбеков брифингте. Оның айтуынша, көктемгі егіске бөлінетін жанар-жағармай құны нарықтағыдан 10 пайыз төмен болмақ. Өңірге егіске қажетті 12 мың тонна көлемінде жанар-жағармай бөлуге тапсырыс берілген. Биыл күздік дақылдардан мол өнім алынады және биылғы егіннің шығымдылығы жоғары болады деп  болжануда.

 

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ, 
«Орал өңірі» №20 
Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Сілтеме: 
http://oraloniri.kz/?p=6604


Жарияланды: 11.05.201609:49

Автор: